Желілік және жүйелік әкімшілендіру технигі - бұл компьютерлер мен жергілікті компьютерлік желілерге қызмет көрсететін маман. Жұмыстың маңызды бөлігі - байланыс жүйелерін жөндеу. Ол кабельдерді төсеу арқылы компьютерлерді желіге қосады, серверлердің жұмысын оңтайландырады, Интернет пен электрондық поштаны баптайды. Ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуі өмірлік маңызы бар ірі компанияларда (телекоммуникациялық компаниялар, баспа үйлері және т.б.) арнайы IT-бөлімдер (немесе ақпараттық технологиялар бөлімдері) бар, оларда аталған мамандар тұрақты негізде жұмыс істейді.
Желілік және жүйелік әкімшілендіру технигінің міндетіне ең алдымен бағдарламалық жасақтаманы баптау кіреді. Ол компанияның жұмысы үшін қажетті операциялық жүйелер мен бағдарламаларды орнатады және баптайды, бағдарламалық жасақтаманың жаңартылуын қадағалайды. Қажет болған жағдайда жұмысшыларға бағдарламаларды қалай пайдалану керектігін түсіндіреді, оларды пайдалану барысында туындаған кемшіліктерді жояды. Сондай-ақ жабдыққа жауапты болады, олардың жұмыс істеп тұруын бақылайды, қажет болған жағдайда жөндейді немесе ауыстырады.
Осы біліктілік бойынша ойдағыдай білім алу үшін студенттің информатика, математика, ағылшын тілі саласында білімі болуы тиіс.
Еңбекақысы жұмыс орнына, біліктілік деңгейі мен тәжірибесіне байланысты болады. Орта есеппен алғанда жас маман жалақысы 120 мың тг. құрайды.
Жоғары деңгейдегі маман болу үшін минималды тәжірибе - 3 жыл. Бұл мамандықта тәжірибенің болуы өте маңызды.
Желілік және жүйелік әкімшілендіру технигіне жоғары сапалы жұмыс істеуі үшін мынадай бірқатар жеке қасиеттер қажет: креативтілік, идеяларды түрлендіру қабілеті, қозғалыстардың дәлдігі мен үйлесімділігі, зейіннің жоғары болуы, еңбексүйгіштік, жақсы есте сақтау қабілеті, жауапкершілік, коммуникабельділік.
Саланың ерекшелігі мынада - бұл жерде практикалық дағдылар бағаланады, алайда жас мамандар белгілі бір міндеттерді орындау барысында қандай да бір қиындықтарға тап болуы мүмкін. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандардың қатарында болу үшін үнемі өзінің іскерлігі мен дағдыларын жетілдіріп отыру қажет.
Бұл мамандықтың артықшылығы - табыстың жоғары деңгейінде, қосымша табыс табу мүмкіндіктерінің көптігінде, сұраныста болуында, кәсіби тұрғыда дамудың көптеген жолдарында. Маманның компьютерлік техникада, желілік жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз ету мәселелерінде түсінігі жоғары деңгейде болуы қажет, компьютерлік технологиялардың дамуын үнемі қадағалап, жаңа технологияларды іс жүзінде қолдана білуі қажет.
Бұл мамандықтың кемшілігі - кәсіптік аурулардың пайда болуы мүмкіндігінде. Әсіресе көру және тірек-қимыл жүйесі нашарлайды.
Қазіргі қоғамда желілік және жүйелік әкімшілендіру технигі ең сұранысқа ие және перспективалық мамандық болып табылады.